4. Жұмыс түрлеріндегі  ой еңбегі мен дене еңбегінің физиологиялық тұрғыдағы сипаттары.

4.1.Ой еңбегі мен дене еңбегінің физиологиялық  сипаттары.

 

Еңбектің барлық түрі адамның қозғалыс іс-әрекеті арқылы атқарылады. Сондықтан адам организмі қоршаған ортаға бейімделеді және оны жете меңгереді.

Дене еңбектерінде ең әуелі бұлшықет жүйесі белсендіріледі, оны вегетативтік жабдықтау зат алмасу, қанайналымы, тынысалу қамтамасыз етіледі. Негізінен жұмыс әрекетіне тікелей үш әркеттік жүйе: қозғалыс, талдағыш және ақыл – ой қатысады.

Жұмыстың барлық түрі қозғалыс аппаратымен атқарылады. Физиологияда қозғалыс аппараты деп кеңістікте тұлға орнын ауыстыруды және сыртқы нәрселерге белсенді қимыл жасауды қамтамасыз ететін мүшелер мен тіндер жиынтығын айтады. Қозғалыс аппаратына бұлшықеттер, оларды жиырлататын мотонейрондар және қаңқа кіреді. Сондықтан өндірістік еңбекті жоғары деңгейде өткізу үшін, еттің маңызды физиологиялық қасиеттерін, оның күші мен жылдамдығын ескеру қажет.

Дене еңбегі қан айналысын қатты өзгертеді. Ет жиырылуы әуелі қан ағысының жылдамдығы арқылы қамтамасыз етіледі. Жұмыс кезінде жүректің минуттық көлемі (ЖМК) 4 – 8  есе артады, сөйтіп газ аламасуы 5 – 10 есе жеделдейді. Жүректің систолалық көлемі ауыр жұмыстарда 1,5 – 3 есе көбейеді, ал соғу жиілігі  минуттына 160 – 240 ретке жетеді. Дені сау және еңбекке жарамды адамдарда қанның диастолалық  қысымы аз өзгереді немесе 5 – 15 мм –ге көтеріледі.

Ғылыми-техникалық дамудың салдарынан ой еңбегімен шұғылданатын адамдардың саны көбеюде. Сонымен қатар көптеген дене еңбегі бар кәсіптерде де ой еңбегінің үлесі артуда. Ой еңбегінің қатарына ақпаратты қабылдайтын және өңдейтін сезім жүйесі, ықылас, зерде, ойлауды және эмоциялық күйді айрықша ынталандыратын жұмыстар жатады.

Қазіргі көптеген кәсіптер жылдам қарқынды, әртүрлі және мол ақпараттарға қысқа мерзімде шешімді тез қабылдауды талап етеді. Осының бәрі шамадан тыс зорлану тудырады, сөйтіп жүрек – тамыр және жүйке ауруларына жиі шалдықтырады.

Бүгінгі өндірістерде ой еңбегінің мынадай топтары жіктеледі: операторлық, басқару  (мекеме басшылары, мұғалімдер, оқытушылар), шығармашылық (ғылыми қызметкерлер, сәулетшілер, жазушылар, артистер, суретшілер т.б.), медицина қызметкерлерінің  және оқушылар мен студенттердің еңбегі.

Ой жұмысымен айнылысатын адамдарда жүрек – тамыр ауытқуларын тудыратын көптеген қатерлі  түрткілердің ішінде өте елеулісі көтеріңкі эмоциялық зорланушылық, гипокинезия, темекі шегу, салмақтың артуы, тектік (генетикалық) биімділік болып саналады.

 

4.2.Еңбек түрлерінің жүйелер жұмысына әсері

 

Тыныштық күйде бұлшық ет пен ішкі мүшелердің жұмысы үшін адам орта есеппен 200-250 см² /мин оттегі қолданады. Бұл негізгі айырбас деп аталады. Белгілі бір физикалық жұмыстарды орындағанда ағзадағы тотығу процестері жұмысқа бұлшықеттің қосымша топтарының қатысуы есебінен күшейеді де, осылайша оттегіні пайдалану өседі. Оттегіні қолданудың уақыт бірлігіндегі шамасына қарап орындалып жатқан физикалық жұмыстың ауырлығын анықтауға болады. Физикалық жұмыстарды ауырлық дәрежесіне қарай 3 топқа бөлуге болады. Бұл бөлудің негізіне оттегіні энергетикалық шығын көрсеткіш нысаны ретінде пайдалану жатады.

1. Жеңіл жұмыстарға жұмыс барысында оттегіні қолдану 0,5 л/мин аспайтын, яғни негізгі айырбастан 2-2,5 еседен жоғары емес оттегіні қолданатын жұмыстар жатады.

2. Ауырлығы орташа жұмыстарға негізінде қолданылатын оттегі  0,5-1,0 л/мин дейін, яғни негізгі айырбастан 2 - 4 еседен жоғары оттегіні қолданатын жұмыстар жатады.

3. Ауыр жұмыстарға 1,0 л/мин жоғары оттегіні қолдануды талап ететін жұмыстар жатады. Бұл көрсеткіштер арқылы энергия шығынын анықтайды. Ол жеңіл жұмыс үшін 120-150ккал/сағ, орташа жұмыс үшін 150-250 ккал/сағ, ауыр жұмыс үшін 250 ккал/сағ жоғары.

Адам орындайтын жұмыстардың барлық түрі жиырыла отырып, белгілі бір жұмыстар атқаратын бұлшық ет топтарының қатысуымен жүреді. Оны орындау үшін бұлшықет сәйкесінше энергия жұмсайды. Шыққан энергияның қайта толуы қан айналымымен үнемі келіп тұратын тағамдық заттарды қолдану есебінен жүреді. Жұмыс істеп тұрған бұлшықеттер үшін энергия алудың негізгі көзі – гликоген болып табылады. Жану процесінде ол тотығады, яғни қанға келіп түсетін оттегімен әрекеттеседі. Бұл күрделі биохимиялық процесс басқа да заттардың қатысуымен және реакцияны жылдамдататын ферменттер әсерімен – жүретін аралық реакциялар себебінен туындайды. Жұмыс істеп тұрған бұлшықеттегі биохимиялық процестің түпкі өнімі тотығып, қан айналымы барысында жойылатын сүт қышқылы болып табылады. Қан айналымын жоғарылату процесі жолымен жылдам жинақталатын сүт қышқылын жоюды  және қанға  оттегінің т.б. өнімдердің келуін жоғарылату еңбектену барысында жүзеге асады. Бұл  процесс 2 бағытта жүреді.

1.Уақыт бірлігінде жүректің жиырылу санының жиіленуі

2.Әрбір жүрек жиырылуының көлемінің жоғарылауы есебінен

Қалыпты жағдайда ересек дені сау адамның жүрегі әрбір жиырылуда (соққы көлемі) 70 см² шамасындағы қанды айдайды және 1 минутта 60-70 рет жиырылыс жасайды. Ауыр жұмыстың бір жиырылыс кезінде жүректен шығарылатын қан көлемі 130-150 см²-ге дейін көтерілуі,  жиырылу жиілігі минутына 150-170 соққыға дейін, кейде одан да жоғары шамаға көтерілуі мүмкін.

Жүректен айдалынып шығатын қан көлемінің барлық қан тамыр жүйесінде уақыт бірлігінде өсуі бұл қан тамырларында қан қысымының өсуін туғызады. Дені сау орта жастағы адамдардың қан қысымы қалыптағы жағдайда 120-140 мм.сынап бағанасында болса, ал ауыр жұмыстағыларда бұл шама 170-180 мм.сынап бағанасынан асады.

Жүрек-қан тамыр жүйесінің үлкен резервтерін іске қосуға қарамастан қалыпты бұлшықет жұмысын қажет деңгейде ұстап тұрғанмен, біраз уақыттан кейін қанның оттегімен қанығуы азаяды да,  оттегі жеткіліксіздігі байқалады. Бұл жағдайда оттегі тыныс алудың жиілеуімен терең тыныс алу есебінен толығады. Осылайша қалыпты күйде ересек адамда минутына 16-20 тыныс жасалады.Осы кезде өкпеге 6-8 литр ауа сияды. Ауыр жұмыстарда тыныс жиілігі 30-40-қа дейін көбеюі, ал өкпелік желдетпе 70-60 л/мин дейін өсуі мүмкін. Бұлшықеттің жұмысы күшейген кезде қанның құрамында сүт қышқылы мен биохимиялық процестердің басқа да өнімдері біртіндеп жинақталып, қанның құрамын өзгертеді.

Қозғалыстағы бұлшықеттің тотығу процестері қосымша ішкі жылу өнімдерімен қоса жүретіндіктен ағза жылынады. Дененің тұрақты температурасын ұстап тұру үшін ішкі ортаға жылу беру негізінен тер бөлудің күшею жолымен жоғарылайды. Тердің булануы дененің терісін салқындатады. Тердің көп бөлінуі өз кезегінде ағзадан ылғалдылық бөлінуін жоғарылады. Әсіресе ыстық цехтардағы аса ауыр және ұзақ жұмыс денедегі су тепе-теңдігінің бұзылуына алып келеді. Ылғалдың орнын толтыру үшін ауыр дене жұмыстарымен айналысатындар жеңіл жұмыстағыларға қарағанда сұйықтықты көп ішеді(4-5 литр бір ауысымда).

Осылайша, физикалық жұмысқа арналған ағзаның негізгі физиологиялық реакцияларына - тамыр соғуының жиілігі, қан қысымының жоғарылауы, тыныстың жиілеуі,  қан қысымының өзгеруі, тер бөлінуінің жоғарылауы және өкпелік желдеткіштің жоғарылауы жатады. Бұл қызметтердің өзгеру деңгейі жұмыстың ауырлығына, ұзақтығына және қарқындылығына тәуелді. Өзгерістер біртіндеп жоғарылайды. Ағзалардың және жүйелердің ағза қажеттіліктерімен теңесіп, белгілі бір деңгейге жетеді. Жұмыс аяқталғанда қалпына келтіру кезеңі келеді. Ол кезде функциялардың өзгеруі біртіндеп бастапқы күйге, яғни нормаға келеді. Түрлі функциялардың қалпына келу ұзақтығы әр түрлі: олардың кейбіреулері (пульс, қан қысымы, тыныс алу жиілігі, өкпелік желдету) тынығудың алғаш 10-15 минутында қалпына келеді, қалғандары (қан құрамы мен т.б.) – 45-50 минут барысында өзгерген функциялардың қалпына келуінің кейбір кешігуі жұмыс аяғымен салыстырғанда тапсырманы орындау үшін ішкі ресурстарды іске кірістіру уақытында жұмыс істемейтін ұлпа мен мүшелерді оттегі және т.б. энергетикалық өнімдермен қанықтыруы жатады. Бұлшық ет жасушаларында тотықпаған сүт қышқылы жинақталады. Барлық осы ресурстарды толтыру және қалған сүт қышқылын тотықтыру үшін ағза жұмыс аяғында оттегінің жоғары көлемін қолдануды жалғастырады және сәйкес мүшелер мен жүйелерді қарқындырақ еңбектенуге мәжбүрлейді.

Ауыр немесе ұзақ жұмыс ағзаға аса жоғары талаптар қойғанда және ондағы бар барлық ресурстар оттегінің және басқа өнімдердің қажетті көлемін жеткізуді қамтамасыз етпегенде бұлшықеттің шаршауы болады. Бұған фермент әсерін тоқтату нәтижесінде бұлшықетті жансыздандыратын сүт қышқылының жасушада жинақталуы да себепкер болады. Бұлшықет жасушаларындағы биохимиялық реакцияның бүкіл күрделі процесі белгілі бір жұмысты атқаруға ішкі ресурстарды жұмылдыруы, өзгерген физиологиялық функцияның қалыпқа келуі орталық жүйке жүйесіне бағытталып, координацияланады. Ол түрлі сезім мүшелері – анализаторлар көмегімен түрлі қоздырғыштарды – белгілерді қабылдайды, оларды талдап қажетті импульстерді сәйкес мүшелер мен жүйелерге береді.

     Сәйкес мүшелер мен жүйелерді дайындауда және тапсырманы орындауға арналған ресурстарды алдын ала жұмылдыру үшін орталық жүйке жүйесінің маңызы зор. Мысалы: адамның ауа алмасу процесі ауысым басталғаннан жұмыстың аяқталуына дейін көрсетіледі, ал  негізі жұмысшы цехқа кіргенде ғана оттегіні қолдануы жоғарылайды.

Ой еңбегінің ерекшелігі сол, мұнда ми реттеушілік қызметпен бірге жұмыскер мүше болып есептеледі. Сондықтан оның ықпалы ең әуелі орталық жүйке жүйесіне тиеді. Ой жұмысының нерофизиологиялық тетіктері И.М. Сеченов,  И.П.Павлов, А.А.Ухтомский, П.К. Анохин, және Н.П.Бихтереваның еңбектерінде айқын көрсетіледі. Бұл еңбектер бойынша, ой еңбегінің негізін жоғары дәрежелі жүйке қызметті мен психикалық әсерленістер құрайды.

Соңғы жылдардағы көптеген зерттеулерде білім беру қызметкерлерінің  жүйкелік-эмоциональдық  жүктемелерінің нормасы жұмыс күніне сәйкессіздігі қарастырылған. Жұмыс күні бойы олардың жүрегінің соғу жиілігі, қан қысымы жоғары болатындығын, ал 40 жастан асқандарда жоғарғы жауапкершілік пен эмоциональдық жүктемеден 90% –да стенокардия мен миокард инфаркты  ауруы тіркелетіндігі  анықталған. Жалпы ой еңбегімен айналысатындарда бұл ауру 1,5 есе жиі кездеседі. Оқытушылардың  26% - жүрек - қантамыры ауруларымен, 21% - жүйке ауруларымен, 14% - асқазан-ішек жолдары ауруларымен ауырып, тек қана бестен бірі  өздерін денсаулығы жақсылар қатарына жатқызады. Білім берудің көпшілік салаларында еңбек пен демалыс тиімсіз ұйымдастырылған: 18,9% - жұмыс күндерін өте жақсы тиімді ұйымдастырғандар, 68,5% - тиімділігі жеткіліксіз, 11,1% - тіпті дұрыс ұйымдастырылмаған деп есептейді.

Тағы бір ерекшелік оқытушылардың әсіресе мектеп мұғалімдерінің күнделікті тәуліктік энергия шығыны 2000 ккал/тәулігіне (7800кДж),  ол орташа дене жұмысымен айналысатындардан төмен. Оларда 2700-3800ккал/тәулігіне ( 10900-15900 кДж), оның 1200-2000 ккал/тәулігіне (5000-8000кДж) бұлшықет жұмысына жұмсалады. Еттердің жұмысы жеткілікті көбірек қозғалыста болған жағдайда ғана қимыл-қозғалыс аппараты, ішкі органдар жұмысы, зат және энергия алмасу жақсы жүріп, еттердегі жұмыспен бірге жүйкенің ақыл-ой жұмысы жақсарады, ал бұл төзімділікті қалыптастырып,  организмге әсер ететін жағымсыз факторлардан қорғайды.

Ой еңбегі кезінде қажымау үшін оны ұйымдастырылған дене қимылымен  жаттығулармен алмастырып отыру қажет. Әрбір сағат сайын үзілістер кезінде ой еңбегінің түріне және күрделігіне сәйкес жаттығулар (гимнастика) жасаған жөн.