«Әлеуметтану» пәні қоғамның құрылымы мен даму заңдылықтарын, әлеуметтік қатынастар мен әлеуметтік институттардың қызметін, жеке тұлға мен қоғамның өзара байланысын, әлеуметтік үдерістер мен құбылыстардың ерекшеліктерін зерделеуге бағытталған. Пән студенттердің қоғам туралы ғылыми түсінігін қалыптастыруға, әлеуметтік шындықты объективті талдауға және қазіргі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістердің себептері мен салдарын анықтауға мүмкіндік береді.
Пән аясында әлеуметтану ғылымының қалыптасуы мен даму тарихы, негізгі теориялық бағыттары, әлеуметтанулық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістері, қоғамның әлеуметтік құрылымы, әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобильділік мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар тұлғаның әлеуметтенуі, әлеуметтік мәртебе мен рөлдер, әлеуметтік нормалар мен құндылықтар, әлеуметтік бақылау, девиантты мінез-құлық және әлеуметтік теңсіздік мәселелері талданады.
Ерекше назар отбасы, білім беру, дін, экономика, саясат және бұқаралық ақпарат құралдары сияқты әлеуметтік институттардың қоғам өміріндегі рөліне, әлеуметтік топтар мен қауымдастықтардың өзара әрекеттесуіне, этносаралық қатынастарға, урбанизация, жаһандану, көші-қон және цифрландыру үдерістерінің әлеуметтік салдарына аударылады.
Пәнді оқыту барысында Қазақстан қоғамының әлеуметтік құрылымы мен даму ерекшеліктері, әлеуметтік жаңғыру үдерістері, жастардың әлеуметтік мәселелері, әлеуметтік теңсіздік, қоғамдық пікір, азаматтық қоғам және әлеуметтік тұрақтылық мәселелері зерделенеді. Студенттер әлеуметтік құбылыстарды ғылыми тұрғыдан түсіндіруді, әлеуметтік ақпаратты жинау мен талдауды, әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін бағалауды және қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша негізделген қорытындылар жасауды меңгереді.
- Учитель: Ардак Абдрахманова